Сreative evening "Tulpar minez kazaktyn balasymyn"

Кеше «Астана» концерт залында қазақ айтыс өнерінің аспанындағы дара тұлға Аманжол Әлтайдың 50 жылдығына арналған шығармашылық кеш дүркіреп өтті. Аманжол ағамыздың бойындағы өнерді атасақ, екі қолдың саусағы жетпейтіні анық. Кеше оны біз айтыскер ретінде ғана емес, жазба ақын, сазгер, әнші, әртіс, сұлу сөздің майын тамызған шешен ретінде көрдік. Қайраткерлігімен, мәрттігімен, жомарттығымен, төңірегіне игі жақсыларды жинай алатын асыл қасиетімен дараланатын Аманжол Әлтай – филология ғылымдарының докторы, әдебиет зерттеушісі, бірнеше кітаптың авторы және құрастырушысы, жоғарғы оқу орнында «Хандық дәуір әдебиеті», «Зар заман әдебиеті», «Балалар әдебиеті» курстары бойынша дәріс оқитын профессор-ұстаз. Мерейтойды қалай өткіземіз деп қазан айының басында ағамызды ортаға алып кафедрада әріптестермен ақылдастық, ғылыми конференция ретінде өткіземіз бе деп ұйғардық. Осы ұсыныспен университет басшылығына бардық. Университет ректоры Ерлан Бәтташұлы, проректор Дихан Қамзабекұлы елу жылдықтың құрметіне конференцияны өткізуімізге болады, дегенмен Аманжолдың елу жылдығы – халықтың тойы, өнердің тойы деп оны шығармашылық кеш форматында үлкен сахнада атап өтуді, ұлттық теларнадан көрсетуді ұсынды. Бұл шешімнің дұрыс болғанына кеше көзіміз жетті. Осы орайда, ұсыныс білдірген университет басшылығына да, қолдау білдірген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Ораловқа да ризашылығымызды білдіреміз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тақырыбы шығармашылық кештің өне бойынан көрініс тапты. Себебі Аманжол Әлтай туындыларында тәуелсіздіктің бағасы, қадір-қасиеті айрықша орын алады. Сұлу өнерден сусындадық, жалықпадық, тамсандық, тамаша дедік. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен Аманжол Әлтайдың өнердегі достары жиналып, кештің сәнін келтірді, мәртебесін көтерді. Қазақ боп туғанымызға, Қазақстан атаулы еліміздің барына, рухани бай асыл қазынамызға риза болдық. Жүз жасаңыз, Жаңарқадай асыл топырақта туып-өскен, жалпақ Қазақ еліне ортақ біртуар өнерпаз тұлға.

 

Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қайырбек Кемеңгер

 

 

Жазба Қайырбек Кемеңгер | Facebook парақшасынан алынды