Президент Жолдауы талқыланды

2021 жылы 8 қыркүйекте практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, ф.ғ.к. А.Р. Найманбайдың ұйымдастыруымен сәулет-құрылыс факультетінің ПГС-12, АД-12, ГД-12 топтарында ҚР президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын талқылау мақсатында «Президент Жолдауы және мемлекеттік тіл мәртебесі» атты тақырыпта пікіралмасу сабағы болып өтті. 

Талдау аясында білім алушылар Жолдауда көрсетілген нақты 7 бағыт бойынша әлемге жайылған пандемиядан кейінгі еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы мен денсаулық мәселесі, сапалы білім, жаңаша ізденістердің қажеттілігі, мемлекекеттік тіл мәртебесінің өзектілігі туралы жан-жақты ой қозғап, пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, Жолдауда көрсетілген ана тілімізге қатысты «Ата заңымыз бойынша Қазақстанда жалғыз мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстырған әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы керек. Бұл – отансүйгіштіктің басты белгісі» деген ойлар тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, оны үйреніп, құрметтеуге деген міндетті арттырады.

Жолдау – өткенімізді сараптап, бүгінгі атқарылар іске нақты қадам жасап, халық пен билік арасында байланыс орнату құралы. Топтық талдау барысында қиындықты жеңіп, ел болып ұйысу үшін тұрақтылық пен тыныштықты сақтап, жат әрекеттерден сақтану керектігі айтылды.